Мектеп басшысының республикалық аумақтық семинардағы баяндамасы
«ТЕҢ-ТЕҢІМЕН» ҚАҒИДАСЫ БОЙЫНША
МЕКТЕПІШІЛІК КУРСТЫҢ ТИІМДІЛІГІ
Жаманова Гульпаш Рамазанқызы
Жамбыл облысы Байзақ ауданы №1 мектеп-гимназиясы,
мектеп директоры
Мемлекет басшысы өз жолдауында: «Әрбір қазақстандық білім - болашақтағы сәттіліктің маңызды факторы екенін түсінуі керек. Жастар басымдықтары жүйесінде білім бірінші орынға шығуы керек. Егер білім құндылықтар жүйесіндегі басты құндылыққа айналса, онда ұлт жетістікке жетеді», - деген.
Қазіргі кезде мектеп әкімшілігі үшін де, мұғалімдер үшін де ең басты маңызды мәселе болып отырғаны: "XXI ғасырда нені оқыту керек?" және де екіншісі: "Мұғалімдер оқушыларды XXI ғасырда өмір сүруге қалай дайындайды?" [3, 4 бет]. Мақсатымыз әр балаға жоғары сапалы білім беру. Сол себепті де №1 мектеп-гимназиясы «көшбасшы ұстаз, көшбасшы оқушы, табысты мектеп» қағидасын ұстанып, болашақта цифрлы, көптілді, әлеуметтік-жауапты, білім берудегі жоғары сапаға ие гимназия болуды көздеп отыр. Мектеп-гимназияның миссиясы: «Біз көшбасшылардың жаңа тобын дайындаймыз және қарқынды дамып келе жатқан қоғамда әлемдегі өзгерістерге бейім, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, ұлтжанды ұрпақ қалыптастырамыз».
Әр білім алушыға жеке тұлға ретінде қарап, саналы тәрбие, сапалы білім беру өмір талабы болып табылады. Біз, әлеуметтік белсенділік, адамгершілік, тұлға қабілеттерін жетілдіру – білім берудің ең басты міндеті, бұл мектеп реформасының қарқыны мен бағыттарының дұрыс шешілуіне тікелей байланысты болып табылады –деген профессор С.М.Жақыповтың пайымдауымен келісеміз. [4]. Сол себепті мектеп реформасын да бірқатар өзгерістер заман талабына сай жүргізуді көздеп отырмыз. Тікелей оқушыларға инновациалық тәлім-тәрбие беретін жаңа форматтағы ұстаз «Біз қалай өзгереміз?», «Неге басымдық береміз?», «Не түрткі болады?» – деген сұрақтарға және өзгеріс енгізуге ықпал ететін қозғаушы күш ретінде мектеп әкімшілігінен басқа мектеп активымен (2 критериалды бағалау үйлестірушісі, 6 тренер, 4 бірінші денгейлі көшбасшыларымен ) мектептің даму жоспарын алгоритм бойынша жасап, актуалды басымдықтарды айқындадық. Олар:
І басымдық бойынша: Оқу мен оқытудың сапасын арттырудың заманауи әдіс-тәсілдерін меңгеру арқылы көшбасшы мұғалім, көшбасшы оқушы, табысты мектеп мақсатына жету.
ІІ басымдық бойынша: Мектеп тәлімгерлігі моделін құру, тиімді жетілдіріп отыру; Мектеп мұғалімдерінің кәсіби өсуіне бағыт-бағдар беру арқылы ықпал ету
ІІІ басымдық бойынша:Оқушылардың әлеуеттенуіне және өзіндік іздену жұмыстарына қолдау көрсету,
ІV басымдық бойынша: Мектеп өміріне ата –аналар белсенділігін арттыру,
V басымдық бойынша: «Жетекші мектеп» жұмысы арқылы ұстаздардың кәсіби құзыреттілігін арттыру.
Мектебімізде 160-қа жуық әр түрлі ынта, білім, білік деңгейіндегі ұстаздар бар екенін және әр тұлға өз теңімен өзінің ортасында білім мен тәрбиенің 70% алатынын ескере отырып, ұстаздардың үздіксіз кәсіби даму ортасын жасауға жағдай туындаттық. Осы бағытта Б.И.Додоновтың іс-әрекеттің күрделі мотивтер арақатынасының сызбасын да ескердік:
- Іс-әрекет процесінің өзінен қанағат алуы,
- Іс-әрекеттің тікелей нәтижесі,
- Іс-әрекет үшін сыйлық беру (еңбек ақы, атақ, даңқ),
- Іс-әрекет дұрыс орындалмаған жағдайларда жазаланудан қорқу-депривация [5].
«Тең-теңімен» оқу принциптері:
- Мұғалімнен-мұғалімге оқыту
- Қолдау қажет мұғалімге көмек көрсету
- Бір-бірін ынталандыру және оқыту
- Практикада қолданып, жетілдіру
Тең-теңімен оқыту үрдісінің келесі жолдарын жүзеге асырдық:
1. Бірінші кезекте мектепте денгейлік курстарын аяқтап келген ұстаздар арасында және курстан өтпесе де өзгеруге ынтасы бар ұстаздармен «тең-теңімен» қағидасы бойынша өзара тәжірибе алмасу жүргізілді . Денгейлік курсты бітірген ұстаздар да практикаға келгенде қиналған жағдайлары жеткілікті болды, өйткені әр түрлі денгейде қабылдаған, әр түрлі тренерлерде оқып келген, біреуі ерте, біреуі кеш оқыған. Әр жолы курс бағдарламасының да өзгеріп тұрғаны әсер етті. Бір жүйеде жұмыс жасау үшін үздіксіз коучинг, тренингтер жүргізілді. Жаңартылған білім мазмұнындағы курсты аяқтап келген ұстаздар тарапынан да өзара оқытулар жүргізілуде.
2. Білім беру үрдісінде қазіргі жаңа және классикалық әдістердің үйлесімділігі мен олардың жан-жақтылығы, әсіресе инновациялық технологияларды ендіруде қиналатын ұстаздармен «тең-теңімен» қағидасы бойынша ұйымдастырылған «Тәжірибедегі рефлексия» курсының бағдарламасынан сертификатталған тренерлер жұмыс жасайды. Мектеп тренерлері «Тәлімгерліктегі басты ұстаным қызмет емес, қарым-қатынаста болып табылады, оның барысында тәлімгер объективті тыңдаушы және бағыттаушы болады» ұстанымымен жұмыс жасауда. [6., 86-бет] «Тәжірибедегі рефлексия» курсын 2015-2017 оқу жылында 2 тренер 50 мұғалімді оқытып, куәлік берсе, 2016-2017 оқу жылында 3 топ құрылып, 75 мұғалім табысты аяқтап шықты. Курсты табысты аяқтаған мұғалімдерге куәлік берілді. Сонымен бірге әр тренер өз тыңдаушыларымен кәсіби тұрғыда тәжірибе алмасып, кері байланыс беріп отырды. Соңғы екі жылда да курс тобы құрылып, мектеп мұғалімдері қамтылды. Ал биылғы оқу жылында жаңадан келген мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында 2 топ құрылды. Серіктес мектеп мұғалімдерін де курсқа шақырып, қамтудамыз.
3. Мектептегі тәлімгерлік жаңартылған білім беруге көшу барысында да өзінің маңыздылығын жойған емес. Қазіргі кезде тәлімгерлік менторинг формасында жалғасын табуда.Тәлімгерліктің жаңаша сипаттағы жұмысы жүйелі жүргізіліп, өз нәтижесін көрсетуде. Атап айтсам, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Тараз қаласындағы филиалы ұйымдастырған «Үздік тәлімгер» байқауына тәлімгер Құрманова Рысжан мен тәлім алушы Алдажанова Айнұр қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді.
4. Қазіргі таңда ұстаздар практикасын жетілдіруде, білім сапасын арттыруда ортақ проблеманы анықтап, оқу да тек жалаң білім берумен шектелмей, баланың жеке қасиеттерін дамыта отырып, сыныптағы білім сапасын арттыру, сабақтың сапасын жақсарту мақсатында тиімді сабаққа қол жеткізуге Lesson Study тобын құрдық. Бірақ бұл күрделі процесс екі ауысымдық, оқу бөлмелері дефицит мектеп жағдайында ұйымдастыру мәселерін шешу үшін мектеп ұстаздарын бір ауысымдық жүйеге көшірдік. Lesson Study комитеттерін ІІ денгейдегі сертификатталған ұстаздар жүргізсе, 2018 жылдан бастап мектеп тәжірибесіндегі тренерлер ұйымдастыруда. Осы жұмыстың нәтижесінде 2017 жылдың 30 наурызында «Іс-әрекеттегі зерттеу - мұғалім мен мектепті дамытудың педагогикалық құралы» тақырыбында өткен облыстық семинарда мектептің 4 Lesson Study комитеттері өз жұмыстарын қорғап шықты.
Сабақты зерттеу тәсілін әріптестермен тәжірибе алмасу мақсатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Тараз қаласындағы филиалы ұйымдастырған «Сабақты зерттеу мұғалім тәжірибесінде» тақырыбындағы өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Оқушылардың ішкі уәжін қосу арқылы өзін-өзі реттеуге бейімдеу» тақырыбында Lesson Study комитеті өз таныстырылымын көрсетті. Комитет жетекшісі «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу» курсының тренері Құсбекова Сымбат, бақылаушылар Досжанова Айнұр және Калилаева Шамшат болса, сабақ жүргізген Алдажанова Айнұр өз тәжірибелерімен бөлісті. Конференция соңында комитет мүшелеріне сертификат берілді.
2014 жылдан бастап мектебіміз «Жетекші мектеп» болып тағайындалды. Мектебізде “Ынтымақ” желілік қоғамдастығы құрылды. Ауданымыздың 10 мектебіне жетекшілік жасап, ынтымақтаса жұмыс жасаудамыз. 2019 жылдың 25 қаңтар күні серіктес Берікқара орта мектебінің базасында «Сабақты зерттеу – мұғалімдердің кәсіби дамуының тиімді тәсілі» тақырыбында облыстық семинар – практикум өтті. Қарапайым ауыл мектебі Lesson Study тәсілі арқылы өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өткен оқу жылында серіктес Берікқара орта мектебі және Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясы өз алдына жетекші мектеп болып бекітілді.
2019-2020 оқу жылында “Ынтымақ” желілік қоғамдастығының жаңа құрамы 3- орта мектеп, 5 - бастауыш мектеп болып өзгеріп, бекітіліп берілді. Алдымызға жаңа мақсаттар қойып, қарқынды жұмысты бастап та кеттік. Биылғы оқу жылының басында бұл мектептерден «Талис» сауалнамасы алынып, әр мектептің проблемаларын анықтау жұмыстары жүргізілді.
5. Сыныптағы және ұжымдық іс-әрекеттегі зерттеулер – сыныпты және мұғалімнің өзін және шәкірттерін жете тануына, мақсат қоя жұмыстану арқылы кәсіби жетілуіне бағыт сілтейтін құралдар десек болады. Білім сапасы – басты көрсеткіш десек, сол білім сапасын арттыру мақсатында қолданылатын инновациялық технологияларды атап көрсетуге болады. Сондай технологиялардың бірі- Биоақпараттану және синергетика технологиясын игеру деп шешім шығардық. Ғалым-практик Ф.Я.Вассерман жүргізген зерттеу тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарының нәтижесінде оқыту сапасының нормативтік көрсеткішін құрған. Ол көрсеткіш 63% төмен емес. Ғылым және білім министрлігі жаңартылған білім беру мазмұнында бұл технологияны біліктілікті арттыру курсы деп бекіткен.Осы мақсатта мектептің 110 мұғалімі оқыту курсына қатысып, сертификат алды. Осы технологияның ерекшелігі- «тең-теңімен» оқыту қағидасы бойынша балаларды білім алушылар деп қана қабылдамай, мұғалімдер өз көмекшілері қатарында көре білді. Яғни, сыныптағы әрбір оқушының белсенді болуын мұғалім жүктемесінің анағұрлым жеңілдеуін қамтамасыз етеді. Барлық негізігі пәндерде қолданалытын 11 технологиялық картаны меңгергеннен кейін оқу процесі барысында мұғалім бақылаушы болып, ал оқушы сабақтың әр кезеңі 63% -на жетуіне өздері жұмыс жасауға бір оқу жылының ішінде қол жеткізген сыныптар бар.
«Тең - теңімен» оқыту қағидасы бойынша мектепішілік курстарының тиімділігі:
- Үйретуші мен үйренуші арасындағы кедергілер жойылды. Бейресми оқыту жүргізілді.
- Үйретуші мен үйренуші бір-бірінің қажеттілігі мен ынтасын тез түсінді.
Нәтижесінде:
- Мектеп мұғалімдерінің кәсіби дамуы, мектептің оқу үдерісіне сандық, сапалық жағынан өсуіне ықпал етті.
- Білім берудегі жаңашыл идеялар жүзеге асты, кәсіби қолдау көрсету ортасы қалыптасты.
- Рефлексифты, мінсіз мұғалімнің жұмыс моделі құрылды.
«Тең-теңімен» қағидасын ұстанып, мектеп мұғалімдері көптеген асуларды бағындырды. Ең табыстысы ІІ деңгейлі ұстаз, әрі үйлестіруші Сүгірбекова Үміт Ізбасарқызы республикалық «Үздік педагог-2018» байқауының жеңімпазы болды. Үміт өз әріптесі Гапарова Санияға тәлімгерлік жүргізіп, аудандық «Үздік педагог-2019» байқауының 1 орын жүлдегері болуына ықпал етті.
Биылғы оқу жылының басында мектептің 3 ұстазы Білім және ғылым министрінің Құрмет дипломымен марапатталды. Олар мектеп көшбасшылары: Құсбекова Сымбат, Көпішева Лаззат және Досжанова Айнұр.
Мұғалімдер күні қарсаңында Жамбыл облысы білім басқармасының дипломымен көшбасшы ұстаз, үйлестіруші Көпбаева Арзан марапатталса, ал мектеп тренерлерінен дәріс алған бірнеше ұстаздар Байзақ ауданы білім бөлімінің грамотасымен марапатталды. Бұл көрсеткіш біздің дұрыс жолды таңдап, күтілетін нәтижені болжай алғанымызда деп дәл айта аламын.
Қорыта айтқанда, мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі- оның жан-жақты блімінен, ұстаздық шеберлігімен, оқытудың жаңа әдістерін меңгеруімен өлшенеді. Жан-жақты, білімді, заман ағымына сай жаңашыл ұстаз тек қана өз шәкірттеріне ғана емес, өз идеяларымен, ой-мақсаттарымен өз әріптестерін де соңынан ілестірер көшбасшыға айналады.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауы «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасы. – А., 2008.
- Карибаева Г.М. Кәсіби іс–әрекеттің мотивациялық құрылымы. – А., 2003 - 124 б.
3. Басшыға арналған нұсқаулық, 2015 жыл 4 бет.
4. Жақыпов С.М. Оқыту процесіндегі танымдық іс-әрекет психологиясы. Оқу құралы – Алматы: «Алла прима» ЖШС, 2008 – 216 б.
5. Додонов Б. И. Эмоция как ценность. М.: Политиздат, 1978. - 272 с.
6. Мұғалімге арналған нұсқаулық 2012 жыл 86-бет.
7. Әл-Фараби «Қайырымды қала» Алматы RS Халықаралық Абай клубы, 2015
8. Түрікпенұлы Ж. Кәсіптік бағдар (оқу құралы). – А., 1995