Табылдиев Ұябай
Табылдиев Ұябай
1901-1939 жылы Байзақ ауданында оқу-ағарту ісін тұңғыш ұйымдастырушы, Қазақстанның 40 жылдығы орта мектебінің іргетасын қалаған, осы мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінен дәріс берген алғашқы ұстаз.
1901 жылы Сырдария губерниясы Әулие–Ата уезі Мақпал болысының бірінші ауылында дүниеге келген. Бектеміс елінің Қармыс атасынан тараған Табылды ақсақалдың алты ұл, үш қыздың арасындағы кенжесі. Он төрт жасына дейін әке-шешесінің тәрбиесінде болып, ауыл молдасынан дәріс алып, арабша хат таныған. Жаңаша білім алу үшін
1924 жылы Әулие-Атаға барып, интернатта жатып оқыған. В.И.Ленин атындағы орта мепктептің 5-сыныбына қабылданып, оны 1927 жылы бітірген. Сол жылы ұлттық мамандар дайындайтын алты айлық курсты бітіріп, іс жүргізуші дәрежесіне ие болды.
1927-1931 жылдары Меркі ауданының үшінші ауылында қазақ мектебінің мұғалімі болып істеді.
1931–1933 жылдары Әулие–Атадағы өлкелік Казпедтехникумда оқып , оны бітіргеннен кейін бірінші дәрежелі оқытушы және балалар үйінің тәрбиешісі мамандығын алған. Содан кейін Тастөбе, Билікөл интернаттарында оқытушы әрі тәрбиеші болып істеп, кейін интернаттың директоры қызметін атқарған.
1935 жылы Ақыртөбе мектебінде мұғалім болып істеген. Сол жылы күзде «Жасөркен» колхозындағы мектептің директоры болып тағайындалған.
1938 жылы Алматының пединститутына сырттай оқуға түседі. Келесі жылы жаңадан құрылған Байзақ (Свердлов) ауданы оқу бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. Ауданда оқу-ағарту ісін ұйымдастырып, халық-ағарту саласының алғашқы өкілдерінің бірі болған. Кейін аудандық партия комитетінің ұйғарымымен аудан орталығы Сарыкемер (Михайловка) селосындағы тұңғыш орта мектептің директоры болып тағайындалып, осы мектептің сол кездегі жаңа ғимаратын салдырған.
1941 жылдың көктемінде аудандық партия комитетіне қызметке ауыстырылды. Көп ұзамай соғыс басталып, 1942 жылы шілде айында әскерге алынады. Саяси қызметкерлер даярлайтын Ташкенттегі алты айлық курста оқып, лейтенант шеніндегі офицер әскери бөлімінің саяси жетекшісі қызметін атқарды. Желтоқсан айының 19 күні Воронеж облысында Новая Калитва селосының маңындағы 176,2 биіктігін алған кезіндегі болған үлкен шайқаста Ұябай Табылдыұлы ерлікпен қаза табады. Новая Калитва ортасында орналасқан совет жауынгерлерінің бауырластар зиратында жерленген. Село маңындағы Миронов тауында мемориалдық кешені ашылған, онда екі мыңнан астам қаза тапқан жауынгерлердің аттары жазылған, сол тізімге Ұябай Табылдыұлының атын қосуға да бұйрық берілді.