30
март
2021
«Кітап – сарқылмас рухани қазына» байқауы











«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік». Ғабит Мүсірепов.
Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмірлік қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғышарттардың бірі екені даусыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен мектеп кітапханаларына қоғамның назарын аудару мақсатында қолға алынған «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылған «Кітап – сарқылмас рухани қазына» байқауы өз мәресіне жетті.
Үш күнге созылған білім бәсекесіне аталмыш мектеп-гимназияның 4-10 сынып аралығындағы оқушылары байқау шарты бойынша оқуға ұсынылған көркем шығармаларды оқып, талдап берген болатын. Төменгі сыныптар, орта және жоғары буын оқушылары арасында өткен байқауға 57 оқушы қатысып, әділқазылар алқасының шешімі арқылы жеңімпаздар іріктелді. Ең алғаш рет білім беру мекемесіндегі тәрбие орталығы бастамасымен кітапханашылар ұйымдастырған байқаудың әр буын оқушыларына бағалы сыйлықтар демеушілер және мектеп түлектері тарапынан алынды.
2021 жылдың 29 наурызында Қорытынды марапаттау салтанатында мектеп – гимназия директоры Жаманова Гүлпаш Рамазанқызы сөз алып, айтулы шараның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, мектепте тың бастама ретінде жүзеге асырылып жатқан игі істің дәстүрлі түрде өз жалғасын табатындығына сенім білдіріп, ауқымы кеңейіп, талабы күшейген байқау қатысушыларына сәттілік тіледі. Шарада 9-сынып оқушысы Әсем Жұмахан әуелете ән салса, 8 «в» - сынып оқушысы Зейінбек Бекназарұлы күмбірлете «Аққу» күйін орындады.
Сахна төріне байқауға қолдау көрсеткен демеушілер мен ұстаздар, әділқазылар алқасы мен ата-аналар ретімен шақырылып, ізгі тілектерін білдіріп жатты.
Байқау нәтижесінде, әділқазылар шешімімен 4,5-сынып арасында 4 «д»-сынып оқушысы Рахат Жазира мен 5 «г»-сынып оқушысы Қыдыр Ақбота үшінші орынға лайық деп танылса, 5 «а»-сынып оқушысы Назарбай Ибрахим жүлделі екінші орынды иеленді. 4 «г»-сынып оқушысы Тазабек Мерей бірінші орынға табан тіресе, 5 «г»-сынып оқушысы Телмахан Іңкәр бас жүлдеге лайық болды.
6,7-сыныптар аралығында үш бірдей үшінші орынға 7 «г»-сынып оқушысы Базарымбет Мөлдір, 6 «е»-сынып оқушысы Оразбаева Жанат, 6 «б»-сынып оқушысы Қасқырбай Назерке ие болса, екі бірдей екінші орынға 7 «ә»-сынып оқушылары Мырзахан Дияна мен Дәулетбай Мирас лайықты деп табылды. Тиісінше, бірінші орын 7 «а»-сынып оқушысы Дүйсенова Алинаға және бас жүлде 6 «г»-сынып оқушысы Сүндет Ұлпанға берілді.
Ал, 8,9,10-сынып оқушылары арасында өткізілген кезеңде 8 – сынып оқушылары белсенділік танытты. Атап айтқанда, бас жүлдеге 8 «г» - сынып оқушысы Абзал Альфия, бірінші орынға 8 «а»-сынып оқушысы Батихан Қарасай ие болды. Жүлделі екінші және үшінші орындар 8 «б»-сынып оқушысы Еркебай Дианаға, 10 «ә»-сынып оқушысы Қанатова Құралай мен 8 «ә»-сынып оқушысы Мақұлбай Сезімге бұйырды.
Марапат соңы 11-сынып оқушысы Мадина Бекназарованың орындауындағы «Қазақстан, алға!» әнімен қорытындыланып, салтанатты шара қатысушылары естелікке суретке түсті.
Кітап – білімнің қайнар көзі, онсыз XXI ғасырда өмір сүру мүмкін емес. Жаһандану заманында компьютер тілін жетік меңгерген де дұрыс. Бірақ, кітаптың жөні бір бөлек екені анық. Ғаламтордағы сапасыз ақпарларды ақтарғанша, кітапты парақтап, дәстүрлі түрде білім алған әлдеқайда ұтымды.
Мектеп - гимназия кітапханасының қабырғасында өткізіліп жатқан осындай шараның жастарға берері мол. Олардың назарын кітапқа бұрып, қызығушылықтарын оятуға себеп болады. «Кітап – сарқылмас рухани қазына» байқауының негізгі мақсаты да сол.